Мерейлі мақсат жолында  

Жамбыл локомотив пайдалану депосында «Құрметті локомотив машинисі» атағын иеленген азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.

Депо директоры Айғабыл Өтеубаев ҚР Тұңғыш Президенті күні өтіп отырған шарада алдымен көпшілікті мерекемен құтттықтады. Бұдан соң сөз алған «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ жылжымалы құрамын пайдалану департаменті директоры Болат Ибадуллаев ағымдағы жылы машинистерге көрсетіліп жатқан құрметтің маңыздылығын айта келе, қауіпсіздік шараларын да тілге тиек етті. «Машинист жылында» арнайы шығарылған «Құрметті локомотив машинисі» төсбелгісімен тек лайықты машинистер марапатталып отырғандығын айтты. Сөйтіп, Жамбыл локомотив пайдалану деапосының жолаушылар локомотивінің машинистері – Әбусапар Сүйіндіков пен Болат Тугаевтың кудесіне құрметті төсбелгісін тағып, еңбек марапаттарымен құттықтады.

Сонымен қатар пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, теміржол саласының дамуына қосқан жеке үлесі үшін бірқатар машинистер Жамбыл локомотив пайдалану депосы басшысының Құрмет грамотасымен марапатталды.  Олар: электровоз машинистері – Ержан Тлеубердиев, Әлімжан Сапарбаев, Нұрбол Жалымбет, Дмитрий Монастырский, Әсет Тасыбаев, Нұрлан Дельмұхамбетов, тепловоз машинистері – Александр Романенко, Аманжол Бекмұрзаев, Марат Ташенов, Арман Дүйсенбин және тепловоз машинисінің көмекшісі Ерғали Нұрымбетовтер.  Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ерман Әбдиев, Жамбыл

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ жылжымалы құрамын пайдалану департаменті директоры Болат Ибадуллаев Қызылорда локомотив депосының мәжіліс залында  бір топ машинистке «Құрметті локомотив машинисі» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.

Олар — депоның тепловоз машинисі Жарылқап Айтанұлы Манабеков, Қазалы айналым депосы машинисі Сұлтанбек Рахымұлы Құрымбай және Шиелі айналым депосының машинисі Берекет Құттыбайұлы Ерімбетов.  Болат Омарұлы биылғы жылдың «Машинист жылы» болып жариялануы  бұл мамандық иелеріне артылған сенімнің жоғары екендігін аңғартатынын, машинистер пойыз қозғалысы қауіпсіздігінің сақталуына бірден-бір жауапты тұлға саналатындығын еске салды. Сонымен бірге машинист пен машинист көмекшісінің беделін арттырып оларға деген құрмет имджін көтеру мақсатында түрлі жұмыстар атқарылып жатқандығы айтылды. Жыл басынан бері локомотив бригадалары тарапынан бірнеше рет қозғалыс қауіпсіздігі бұзылғандығы, және оның бірнешеуінде тікелей машинистер кінәлі болса, енді бірінде станция кезекшісі немесе вагоншы, электрмен жабдықтаушы секілді сала мамандарының кінәсі болғандығы сөз болып, жыл басынан бергі атқарылған жұмыстар сараланып, жіберілген кемшіліктердің қайталанбауы үшін тағы да сақтық шараларына көңіл бөлуге шақырды.

-Осы жылы машинист мамандығының мәртебесін арттырып, жеке тұлғалық ерекшелігін айқындау үшін машинистерге арналып «менің әкем машинист» тақырыбында балалар конкурсы ұйымдастырылды, жанұяларымен кездесулер өткізілді. Бұл шараның барлығы кез-келген тосын жағдайда жылжымалы құрамды қауіптен аман алып шыға алатын машинистердің тұлғалық қасиеттерін артыру шаралары болатын. Осыған орай биыл кәсіби тұрғыдан ерекшеленген 5 машинист «Құрметті теміржолшы» 10 машинист «Адал еңбегі үшін», 12 машинист «Кәсіби бойынша үздік», 3 машинист «Үздік маман» атағын алып, «ҚТЖ» АҚ президентінің арнайы сағатымен 1 машинист пен 2 машинист көмекші марапатталды,- деді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ жылжымалы құрамын пайдалану департаменті директоры Болат Омарұлы Ибадуллаев.

Мерекелік шара соңында  машинистер құрметіне жырдан шашу шашылып, әнмен әдіптелді.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда 

 

Атырау және Мақат локомотив пайдалану деполарының  үздік машинистеріне «Құрметтi локомотив машинисi» төсбелгісін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның атқарушы директоры Айтым ҚҰРАҚБАЕВ арнайы келіп тапсырды.

Салтанатты шараға депо жұмысшылары мен осы жол торабының ардагерлері қатысты. Айтым Құрақбаев өз сөзінде алдыңғы қатарлы жұмысшылардың озық тәжірибелерін кейінгілерге үлгі қылу, тәжірибе алмасу, локомотивтік бригадалар мүшелерінің шеберліктері мен білімдерін көтеру, сонымен қатар, олардың ауыр еңбектерін ынталандыру, мамандықтарының абыройын арттыру үшін биылғы жылдың Машинист жылы болып жарияланғанын, осыған орай жыл басынан бері әр өңірдегі локомотив деполарында түрлі шаралар, атап айтқанда «Менің әкем машинист!» атты балалар арасында сурет салудан байқау, машинистердің отбасыларымен бірге түрлі басқосулар өткенін айтып өтті.

–Жалпы, күрделі ауа райы жағдайында кездесіп қалуы ықтимал қиын жағдайларға дайын болу, қажет кезде дұрыс шешім қабылдай білу, үнемі жауапкершілікті сезініп, нормаланбаған графикпен жұмыс істеу әркімнің қолынан келе бермейді. Ал, машинистердің күнделікті өздерінің жауапты да қиын жұмысымен қатар, биылғы жылы салааралық өткізілген шараларға қатысып, белсенділік танытуы, сонымен қатар жұмыстарында жақсы нәтиже беруі бізді қуантады. Ендеше, бүгін үздік атанып отырған машинистеріміз қандай құрметке де лайық, – деген ол  марапат иелеріне төсбелгі мен арнайы куәлік табыс етті.

Сонымен,  Атырау локомотив пайдалану депосының «Құрметтi локомотив машинисi» төсбелгісін Дүйсенбай Далабаев, Қуаныш Елешовтер кеудесіне тақса, депо бастығы Қуаныш Төретаевтың қолы қойылған ІІІ-ші біліктілік сыныбын: Жеңіс Ізбасаров, Ринат Сағынтаев, Найл Серіков, Әділбек Жақсылықовтар алса, Алғыс хат және бағалы сыйлықпен Айтуған Ізтұрғынов, Ғибат Аймұратовтар марапатталды.

Бұдан кейін айтулы марапат Мақат локомотив пайдалану депосында жалғасын тапты. Айтым Құрақбаев мұнда  30-40 жыл еңбек өтілдері бар үздік машинистер Есенқұл  Еркетанов пен Нұржау Ғалиевтердің кеудесіне төсбелгі тақса, Мақат локомотив пайдалану депосының бастығы Абзал — Сенбі Самаликовтың қолынан Қылышбек Бенеуов, Аман Жұбановтар құрмет грамотасын, ал Мұратқали Шамшырақов, Берік Қуанышовтар Алғыс хат алды.

Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, Атырау

 

«Машинист жылы» аясында алдыңғы қатарлы, тәжірибелі, үздік машинистерді насихаттау, олардың күрделі жүмыстарына қолдау көрсетіп, ынталандыру, кәсіби шеберліктерін көтеру бағытында «Құрметті локомотив машинисі» төсбелгісі бекітілгені белгілі.

Осы төсбелгі мен арнайы куәлікті «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның жылжымалы құрам бойынша атқарушы директоры Айтым Құрақбаев қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі мінсіз еңбегі мен локомотив шаруашылығының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Маңғыстау  пайдалану локомотив депосының тепловоз машинисі Асқар Оразовқа, Бейнеу айналым локомотив депосының тепловоз машинисі Адилбай Мусаевқа және Жаңаөзен айналым локомотив  депосының тепловоз машинисі Серғали Таутурмашевке салтанатты түрде табыстады. Олардың теміржол саласында 15 жыл мен 26 жыл арасында тәжірибелері бар.

Локомотившілердің ерен еңбегін Айтым Құрақбаев жоғары бағалап, алда келе жатқан ҚР Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде бұл кәсіп қашан да маңыздылығын жоймайтындығын, теміржол саласының ең құрметті әрі жауапты бөлігі болып қала беретіндігін,  кез келген уақытта оқыс жағдайларға байланысты тиісті шешім қабылдауға әрқашан дайын болулары қажеттігін айтты. Сонымен қатар аталған машинистердің 15 АЕК көлемінде сыйақыға ие болатындығын жеткізді.

Бұл күні елеулі еңбектері және жұмыстағы қол жеткізген жетістіктері үшін машинист көмекшісі Серікқали Мақашев, слесарь-жөндеушілер Нұрлан Хнабаев пен Мергембай Мурзагулов депо директоры Бақтияр Тулеповтың Алғыс хатымен марапатталды. Марапат иелеріне арнаған құттықтау сөзінде Бақтияр Наурызұлы әр мамандықтың қызығы мен шыжығы қатар жүретіндігін, соның барлығына темірдей төзіммен төтеп беріп, еңбекке құлшына атсалысқан азаматтар ғана айрықша құрметке бөленетіндігін, ендігі жерде мына төсбелгіні таққан теміржолшылардың есімдерін ерекше ықыласпен атауға болатындығын,  десек те, олар қазіргі табыстарына тоқмейілсімей, өз міндеттерін еселеп жауапкершілікпен атқарулары тиістігін сөз етті.

Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау

 

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки