Машинистер мерейі

 

Жем локомотив пайдалану депосының ұжымы өздерінің әріптестері, машинистер Әлібек Жармағамбетов пен Жақсылық Алданазаровты «Құрметті локомотив машинисі» атануымен құттықтады.

Мекемеде өткен «Машинистер күніне» «Локомотив» АҚ Батыс аймақтық өкілі А.Натиев арнайы келіп қатысып, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ президенті О.Кулаковтың бұйрығына сәйкес, қос машинистке мәртебелі атақ берілгенін мәлім етіп, төсбелгісі мен арнайы куәлігін табыс етті. 

Жақсылық Алданазаров еңбекқорлығымен ерекшеленген, жұмыс қабілеті жоғары машинист. Әрдайым білім қорын толықтырып, өздігінен ізденетіндігімен көзге түскен. Сан мәрте бақытсыз жағдайлардың алдын алған. Өзіне тапсырылған телім аралығында пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді, осы жылы тасымалдау жұмыс жоспарын 100,1 пайыз орындап шықты. Еңбек жолында жинаған ілімі мен білімін жас әріптестерінен аяған емес. Ұжымда беделі жоғары, құрметке лайық жан.

Ал, Әлібек Жармағамбетов еңбек жолын Ембі локомотив депосында 30 жыл бұрын тепловоз машинисі көмекшісінің дублері болып бастаған. Соңғы 22 жылда Жем локомотив пайдалану депосының екінші сыныпты тепловоз машинисі болып қызмет етіп келеді. Осы жылдың 9 айында 9 мың тоннаға жуық дизельді отынды үнемдеген. Тасымалдау жоспарын артығымен орындаған.  Қысқасы, екі машинист те мәртебелі атқа әбден лайық деп танылып отыр.

Басқосуда локомотив шаруашылығында соңғы уақытта орын алған ерекше оқиғалар, машинистер ерліктері туралы сөз болды. Мәселен, «Алматы – Маңғыстау» жолаушылар пойызы газ тасымалдау көлігімен соғысып қалғанда жолаушыларды құтқарып қалған машинист Арап Ағатаевтың аяғы сынған көмекшісін қауіпсіз жерге алып шыққандығы айтылды. Биыл көктемде «Лениногорск – Астана» жолаушылар пойызының жеңіл автокөлікпен соқтығысуының алдын алуы да әңгіме арқауына айналды.

Осы жылы адал және мінсіз еңбегі үшін марапатталғандар да назардан тыс қалмады. Локомотив шаруашылығы бойынша «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен 5 машинист, «Адал еңбегі үшін» 10 машинист, 2 машинист нұсқаушысы, Компания президентінің  қолсағатымен 1 машинист пен 2 машинист көмекшісі, машинист нұсқаушысы марапатталған екен.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки