Қыздар да футбол ойнайды  

Жуырда Семей ЖТ бөлімшесі бойынша ерекше спорттық шара өтті. Мини-футболдан ұйымдастырылған командалық кездесуде кілең қыздар өнер көрсетіп, өзара шеберлік байқасты.

Мұндай сайыс бөлімше бойынша тұңғыш рет өткізілген болатын. Оған спортқа, оның ішінде футболға бейімі бар кіл бұрымдылар қауымы қатысты. Рас, өзіндік сауаттылықты, талап-ережелерді білуді міндеттейтін футболға қатысуға ынта білдіргендер аса көп бола қойған жоқ. Сондықтан болар, нәзікжандылар қауымы арасынан тек екі команда ғана іріктелді.

Осылайша, барлығы 14 ойыншыдан тұратын қос команда жасақталды. «Наурыз» аталған команда құрамында тек Семей ЖТ бөлімшесінің ғана қыздары ойнаса, «Союз» құрама командасы сапында Транстелеком, ӘТЖК, НЖС-6 қыздары бірлесіп  бақ сынасты.   

Ойын барысы мейлінше қызықты әрі тартысты өрбіді. Қыздардың ойынына сенімсіздікпен қарағандар да болды. Әйтсе де, қажетті жерде пас беру, айып добын соғу, ұжымдасып шабуылға шығу, қорғанысты бірлесіп күшейту, қарсыласты алдап өтіп қақпаға доп салу сынды әдіс-тәсілдерді бойжеткендердің де шебер  меңгергендіктері айқын байқалып тұрды. Осылайша, жарысты тамашалауға келген жанкүйерлер қиқуы зал ішін жаңғыртып, ойын барысы шиеленісті өрбіді. Шабуылшы қыз Айгерім Тоқпанова бастаған бұрымдылар  дүркін-дүркін қарсыластар қақпасына қауіп төндіре отырып, ойын барысын тартысты да қызықты әрі ширақ өрбітті.

Ойын қорытындысы бойынша «Наурыз» командасының қыздары 2:0 есебімен жеңіске жетіп, арнайы кубокты иеленді. Ал, кездесу соңында барша қатысушы ойыншылар кәсіподақ ұйымы тарапынан арнайы сыйлықтармен марапатталды.   

Қуаныш Қожаев, Семей

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки