Қашан да көш басында

Семей қаласында байрағын көтерген футболдан шаһар біріншілігі аяқталды. Нәтижесінде теміржолшылардың «Достық» командасы жеңімпаз атанды.

 ҚР Футбол Федерациясының шешімімен еліміз көлемінде аяқдоп ойынын өркендету, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеу шаралары аясында аталмыш спорт түрінен ұйымдастырылған бұл қалалық біріншіліктің өзге футбол жарыстарынан бәсі бөлек болды. Себебі, қарсылас командалар осыған дейінгідей шағын жасанды футбол алаңында емес, еуростандарт үлгісіндегі қалалық, орталық «Спартак» футбол стадионында бақ сынасты. Аумағы ат шаптырым жасыл алаң төрінде теміржолшы жастардан құралған «Достық» футбол командасы да жанкүйерлерін желпіндірді.

Семейдегі өзге мекемелер спортшыларының барлығын ойсырата ұтқан бөлімше жігіттері ақтық финалда жергілікті аула клубтарында футбол өнеріне машықтанып жүрген «Фортуна» командасымен қорытынды кездесу өткізіп, шиеленісті де тартысты ойын көрсетті. Теміржолшылар дүркін-дүркін шабуылға шығып, қарсыластарын өз қақпаларына қарай тықсырды. Сұрмерген шабуылшылар арасында Семей станциясының теміржолшысы Арсен Тастанов бастаған футболшылар әдемі пас ұйымдастыра білді. Соның нәтижесі болса керек, ойынның 37-ші минутында «Достық» командасы алғашқы гол енгізіп, қарсыластар қақпасына доп салып, есеп ашты. Ойын барысы екінші таймда мүлдем басқаша өріс алды. Бір-бірінен алма кезек басым түскен ойынның қорытындысы 2: 3 есебімен «Достық» командасының есебіне шешілді.

Қуаныш Қожаев, Семей

 

Мұнайлы ауданының 10 жылдық мерейтойына орай волейболдан өткен сайыста теміржолшылар жеңіске жетті.

«Саламатты Қазақстанға қадам бас» тақырыбында ұйымдастырылған волейбол турнирінде қарсыластарын шақ келтірмей ойсырата ұтқан теміржолшылар шеберлігіне тәнті болмаған жан қалмады. Ақтық сында Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінен, мемлекеттік қызметшілерден құралған командалар өзара сынға түсіп, жүлделі I орын теміржолшылар командасына  бұйырды.

–Біздің Маңғыстау командасы теміржолшылар арасында өткендерін қоспағанда 5 жарыста болып, төртеуінде ІІ орынды алдық. Бұл –алғашқы I орын, – дейді қуанышымен бөліскен жеңімпаз команданың капитаны Берекет Жұмағалиев.

Шахида Жұман, Маңғыстау

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки