Өткел кезекшісі – жауапты жұмыс

Соңғы кезде өткелдер мәселесі өте өзекті болып тұр. Теміржол тармақтары көбейіп, автокөліктер саны еселеп артып, қозғалыс жиілеген сайын теміржол мен автожолдар қиысында қауіп-қатер сейілер емес.

Осыған орай, теміржолшылар үшін өткелдер қауіпсіздігі бірінші орынға шықты. Бұрын күзетілмейтін санатқа жататын өткелдерге күзет қойылып, бейнебақылаумен жабдықталып, қауіпсіздік талаптары жасалуда. Атырау жол дистанциясының 507-ші шақырымындағы өткел арқылы тәулігіне 19 жұп жүк пойызы және 12 жолаушылар пойызы өтеді. Жүк пойыздары Атырау мұнай өңдеу зауытында сұрыпталып, қайта Мақатқа жөнелтілсе, жолаушылар пойызы Атырау станциясына соқпай өтпейді. Міне, осы пойыздарды жоғарыдағы өткел кезекшісі Құлжаев Түгел станция кезекшісінің хабарламасымен және кей пойыздарды сигнал арқылы қабылдап, өткелден өткізіп тұрады. Геолог әкімдігіне қарайтын қала сыртындағы бұл өнеркәсіптік аймақта Теңдік станциясымен қоса бірнеше өндірістік базалар бар. Олардың кірме жолдарына өтетін пойыздар да жетерлік. «Өткел арқылы Тұлпар-Тальго жүрдек пойызы да өтеді. Ол пойыз келе жатқанда 1500 метрден бастап өткелді автокөліктер жүрмес үшін жауып тастаймыз. Ал жай пойыздар үшін 496-разъезден шыққаннан кейін өткел жабылады. Бұл қауіпсіздік үшін аса қажет шара» дейді өткел кезекшісі.

Түгел Құлжаев ұзақ жылдар жол дистанциясында жол жөндеуші болып жұмыс жасаған. «Бүгінде ҚТЖ компаниясында теміржолшыларды денсаулығына қарай жеңіл жұмысқа ауыстыру туралы арнайы бағдарлама бар. Мен де соған орай өмір бойы жол жөндеуші болғаныммен денсаулығыма байланысты әрі жасым ұлғайғасын осы өткелге кезекші болып ауыстым. Өткел кезекшісі болу – физикалық тұрғыда жол жөндеушіге қарағанда жеңіл жұмыс деуге болар, бірақ жауапты жұмыс. Зейнетке шыққанша жұмыс жасауға осылай мүмкіндік беріп, қамқорлық жасап отырған Компанияға рахмет, енді осы жерде құрметті еңбек демалысына шыққанша жұмыс жасайтын боламын» дейді ол.

Қосұйым Мұқашев, Атырау

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки