Әмбебап маман атану  мүмкіндігі

 Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Тараз вокзалында вокзал бастығы кезекшісінің көмекшісі болып еңбек ететін Динара Төлешова осылай дейді.  Әрдайым жүзінде күлкі тұратын маманның өз уәжі бар екен.

–Әрине, вокзалда жолаушы халыққа сапалы қызмет көрсету – біздің басты міндетіміз. Кейде жолаушылар арасында әр түрлі жағдайлар болып жатады. Бірі – қуанышқа асығып тойға бара жатады немесе келе жатады,  алып-ұшып көтеріңкі көңіл күйде болатын мұндай топтағы жолаушылар кейде шектен шығып кететін де кез болады.  Ал енді  бірі керісінше, қайғылы жағдайларға душар болып сапар шегіп барады. Біреулер аяқ асты ауырып, жедел жәрдемнің көмегіне жүгінуге тура келеді. Сондықтан, ондай жандардың да билет тауып беріп рәсімдеу, станцияларда пойыздан пойызға ауысып мінуіне көмектесу сынды өтініш-тілегін орындап, діттеген жеріне аман-есен жетуіне  тілеулес боламыз. Тіпті бірде  сөйлесе келе ақтарылып сырын айтып, кеңес сұраған жандарды да кездестіргенмін. Қысқасы, өзіңді  ұйымдастырушы, дәрігер,  психолог тағы бірнеше мамандықта сезінесің. Сондықтан, әмбебап болуға мүмкіндік беретін осы мамандығым өзіме ұнайды, – дейді Динара.

Әр кезекшілікке үлкен жауапкершілікпен келуді әдетке айналдырған елгезек Динараны  ұжымдастары да жақсы көреді. Оның үстіне сыйластығы жарасқан ұжымда Динараны «Вокзалдың ақшақары» деп еркелететіндер де баршылық. Себебі,  қайсы бір жылы кезекшілікке тура Жаңа жыл қарсаңында түскен Динара  әріптестерімен бірге вокзалға келген жолаушыларға тосын сый жасауды ұйғарыпты. Әріптестері бірауыздан «Ақшақар» Динара болады деп,  түрлі костюм киген вокзал қызметкерлері Аяз атамен бірге  Жаңа жылды қарсы алуға үлгермей  жолда болған жолаушыларды құттықтапты.

«Вокзаладағы жолаушыларды құттықтап ыстық кофе сыйладық. Одан бөлек келіп тоқтаған пойыз жолаушыларына да тосын сый жасадық. Өте көңілді болды», – деп жымиды алты жыл осы ұжымда табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Динара Хусайнқызы. 

 Ерман Әбдиев, Тараз

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки